Қызылорда облысында жанармай бағасы біршама төмендеді
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Үкіметтің соңғы селекторлық мәжілісінде үстіміздегі жылғы желтоқсанның 1-інен бастап республикамыздың барлық өңірлеріндегі жанар-жағармай құю бекеттерінде АИ-92, 93 маркалы бензин 82 теңгеден сатылатыны мәлімделген. Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бастығы Серік Сермағанбетовтің айтуынша, Үкімет тапсырмасына сәйкес облыс әкімі мен Энергетика және минералды ресурстар министрлігі арасында меморандумға қол қойылған. Сондай-ақ бекітілген кестемен облысқа қажетті жоғары октанды бензин көлемі анықталды. Қажетті 7 мың тонна бензиннің 4 мың тоннасын «Торғай Петролеум», 2 мың тоннасын «Helіos», 1 мың тоннасын «SІNOOІL» компаниялары жеткізіп беретін болды.
Қазіргі таңда облыстағы «ҚазМұнайГаз» ҰК, «SІNOOІL» ЖШС және «Helіos» сауда үйіне қарасты 12 жанар-жағармай құю бекеттерінде АИ-92, 93 маркалы бензин 82 теңгеден сатылып жатыр. Бұл 3 компания өңірге қажетті 9700 тонна жанар-жағармайдың 41,6 пайыз көлемін қамтып отыр. Алдағы 2-3 күнде олардың қатарына белгіленген операторлар да қосылады.