12:36, 07 Желтоқсан 2009 | GMT +5
Қызылорда облысында жедел алдын алу іс-шарасы өтіп жатыр
ҚЫЗЫЛОРДА. Қарашаның 7-сі. ҚазАқпарат /Руслан Игілік/ - Облыс көлемінде желтоқсанның алғашқы жартысында белгіленген жедел алдын алу іс-шарасы өтіп жатыр,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оның мақсаты - бұрынғы қылмыстарды ашу, қоғамдық орындар мен көшелердегі құқық бұзушылықтың алдын алу, тәртіпті қамтамасыз ету.
Шараға облыстық ішкі істер департаменті мен Қызылорда қалалық ішкі істер басқармасының қызметкерлері толықтай жұмылдырылды. Алғашқы екі күнде Қызылорда қаласы бойынша 27 қылмыс дерегі тіркеліп, оның 25-інің ізі суымай ашылды. Қылмыстың басым бөлігі - мүлік ұрлықтары. Сондай-ақ екі тәулік ішінде медициналық айықтырғышқа 42 адам жатқызылып, ұсақ бұзақылықтар жасағаны үшін 43 адам әкімшілік жазаға тартылды.