Қызылорда прокуратура органдары кәсіпкерлікті қолдауды тексеру барысында 170 заң бұзушылықты түзеді
ҚЫЗЫЛОРДА. 3 ақпан. ҚазАқпарат /Жаңагүл Сердалы/ - Қызылорда облыстық прокуратурасының баспасөз хатшысы Сая Темірбекованың мәліметі бойынша, облыс прокуратура органдары кәсіпкерлікті қолдау мен қорғау бағытында былтыр 22 рет тексеру жүргізген.
Нәтижесінде 170 заң бұзушылық анықталып, осыған сәйкес 28 ұсыныс, 6 заңды түсіндіру, 1 ұйғарым енгізілген. Сол сияқты 5 наразылықпен 27 заңсыз актінің күші жойылып, ұйғарымдар арқылы бақылаушы органдардың 6 кәсіпкерлік субъектісіндегі заңсыз тексерулер бұзылған. Барлығы 41 кәсіпкердің бұзылған құқықтарын қалпына келтіріп, бұл саладағы заңнама талаптарын бұзғаны үшін 45 лауазым иесін тәртіптік, 6 тұлғаны әкімшілік жауапкершілікке тартты.
Айталық, «Қызылорда Феникс» ЖШС-нің қызметіне заңсыз тексеру жүргізіп, кәсіпкердің заңды қызметіне кедергі келтіргені үшін Қызылорда қалалық төтенше жағдайлар басқармасының бас маманы Е.Сәбеновке байланысты ҚР ӘҚБтК-нің 153-бабы 1-бөлігінің 2-тармақшасымен әкімшілік іс қозғалып, оған 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды.