Қызылорда тұрғындарынан 2 киіктің еті мен 30 оқ-дәрі тәркіленді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қызылорда тұрғындарынан 2 киіктің денесі тәркіленді, деп хабарлайды ҚР АШМ баспасөз қызметінен.

Қызылорда тұрғындарынан 2 киіктің еті мен 30 оқ-дәрі тәркіленді

«3 қараша күні рейдтік іс-шараларды жүргізу барысында Қызылорда облысы Сырдария ауданының аумағында автокөлік жүргізушісі - Қызылорда қаласының тұрғыны мен қасында отырған жолаушы - Қараөзек аулының тұрғыны ұсталды. Олардан 2 киіктің денесі, мылтық пен 30 оқ-дәрі табылып, тәркіленді», делінген хабарламада.

Қазіргі уақытта бұл дерек бойынша материалдар Сырдария аудандық ІІБ-не өткізілді.

Ал 2 қарашада «Охотзоопром» кәсіпорынның инспекторлары құқық қорғау органдарымен бірлесіп Алматы облысы Сарқанд ауданының Қоқан мемлекеттік қорығында рейдтік іс-шаралар кезінде Сарқанд ауданының тұрғынын ұстады. Оны тексеру кезінде қаптың ішінен 10 қоянның денесі мен мылтық табылып, тәркіленді.

Бұл факті бойынша жеңілдетілген іс жүргізу материалы әзірленіп, сотқа жіберілді.