Қызылордада 11 пәтерді тонаған ұры қолға түсті

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қазан айының 21-30 аралығында «Пәтер» жедел профилактикалық шарасы өткізілді. Қызылорда қаласының ішкі істер басқармасы Ақсай полиция бөлімі және криминалды полиция қызметкерлерінің жүргізген жедел іс-шаралары барысында іздеуде жүрген 37 жастағы Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтаарал ауданының тұрғыны ұсталды.

Қызылордада 11 пәтерді тонаған ұры қолға түсті

Бұл туралы ОІІД баспасөз қызметі хабарлады.

Күдікті азамат Қызылорда қаласы аумағында жеке секторлы үйлердің жанында өзін мүгедек адам ретінде көрсете жүріп, ешкім жоқ үйлердің терезелерін сындырып кіру арқылы зергерлік бұйымдарын, қомақты ақшасын, құнды заттарын қолды етіп жүрген. Тергеу барысында бұл әккі баукеспенің қатысуымен 11 пәтер ұрлығы орын алғандығы және барлық тонаулары бір ізбен жасалғаны белгілі болды.

Бүгінгі таңда жәбірленушілерден ұрланған ақша мен алтын бұйымдардың сомасы есептелуде. Күдіктінің жалдап тұрған пәтерінен ұрлаған заттары, алтын бұйымдары айғақтық зат ретінде алынды.

Қызылорда ҚІІБ Тергеу бөлімімен оның үстінен қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.