Қызылордада әскерге шығарып салу салтанатында сарбаздарға «аманат хат» табысталды (ФОТО)

Салтанатты шарада аудандық мәслихат хатшысы Марат Наятұлы: «Бүгінгі күн сіздер үшін ер-азаматтың өміріндегі ең маңызды күндердің бірі. Себебі, сіздер өздеріңіздің нағыз ер-азаматқа тән болмыстарыңды айқындаудың бір дәлелі - Отан алдындағы азаматтық борыштарыңды өтемексіздер. Отан алдындағы борыштарыңызды абыроймен атқарып, туған жерге аман-есен оралуларыңызға шын жүректен тілектеспін», - деп сарбаздарға ақ жол тіледі.
Сондай-ақ аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қаршыға Есдәулетов, «Нұр Отан» партиясы Қармақшы аудандық филиалы төрағасының орынбасары Күлжауһар Раева, Жосалы кенті әкімі Асқар Мереков ұлан-байтақ қазақ даласын «найзаның ұшымен, білектің күшімен» қорғаған ата-бабаларымыз сан ғасыр бойы қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай аман сақтап келген ел мен жердің баянды болашағы мен кемел келешегі жастардың қолында екендігін айтып, баталарын берді.
Жастар бірлестігінің белсенділері қармақшылық жастардың атынан болашақ сарбаздарға «аманат хат» пен сарбаздар күнделікті тұтынатын заттарды табыстады.
Шара барысында аудан өнерпаздары ән-шашудан тарту жасады.