Қызылордада бір топ белсенді жасқа «Сыр үміті» атты сыйлық тапсырылды
ҚЫЗЫЛОРДА. 25 наурыз. ҚазАқпарат /Жаңагүл Сердалы/ - Бүгін Қызылордадағы Студенттер сарайында облыс жастарына арналған «Сыр үміті» атты жастар сыйлығын салтанатты тапсыру рәсімі болды.
Былтырғы жылғы қарашада өткен «Алаштың асқақ рухты жастары» атты облыс жастарының VI форумында жастардың азаматтық және қоғамдық-саяси белсенділігін арттыру, жастар ұйымдарының өзара байланысын нығайту, облыс жастарының білім, ғылым, өнер, мәдени деңгейінің артуына және аймақтағы жастар саясатындағы өзін-өзі басқару жүйесін қалыптастыруға жағдай жасай отырып, талантты, білімді, саяси және қоғамдық өмірде белсенді жастарды көтермелеу және қолдау мақсатында облыс әкімі облыс жастары үшін «Сыр үміті» атты сыйлықты 40 белсенді жасқа тағайындау туралы шешім қабылданған болатын. Осыған орай, сарапшылар кеңесі жасақталып, Қызылорда облысы жастарына арналған «Сыр үміті» атты сыйлықты тағайындау Ережесі бекітілді. Ол облыс жастарының мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру, жетілдіру және дамытудағы қосқан үлесі бар 14 пен 29 жас аралығындағы жастар мен жастар ұйымдарына берілетін блып шешілді. Қызылорда облысы жастарына арналған сыйлық тоқсан сайын (сыйлық көлемі 75 мың теңге) тағайындалады және бір адамға екі мәрте берілмейді. Қаржы Қызылорда облысы әкімдігі, «Қызылорда жастары» қауымдастығы және «Игілік» корпоративтік қоры арасында жасалған меморандумы аясында қаралған.
Сарапшылар кеңесінің шешімімен І тоқсанда марапатталатын 10 сыйлық иегерлері анықталып салтанатты түрде марапатталды. Сыйлық тапсыру рәсімінде марапатқа ие болған жастар және жастар ұйымдарының өкілдері өз шығармашылық (сахналық қойылымдар, КТК ойыны, жеке өнер және т.б.) өнерлерін ортаға салды.