Қызылордада еліміздегі үшінші битум зауыты іске қосылмақшы
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Биылғы жыл басында құрылысы басталған зауыт елімізде битум шығаратын Алматы, Шымкенттен кейінгі үшінші зауыт болмақшы. Зауыт Қызылорда қаласының шығыс бетіндегі он үшінші бекеттің маңында орналасады. Оның аумағы 46 гектар жерді алып жатыр. Үлкен жолмен жалғайтын 600 метр автокөлік жолы бар. Теміржолмен жүк тасуға арналған 1200 метр шойын жол да зауытқа келіп тұр. Сонымен бірге қазір жылыту орталығы мен басқа да түрлі құрылыстар жүріп жатыр.
Жобаның құны 600 млн. теңгені құрайды. Қуаттылығы тәулігіне 500 тонна битум шығаруға арналған. Битумның қою, сұйық түрлері жол мен құрылысқа арнайы шығарылады. Зауыт толық іске қосылған кезде 50-ге тарта адам жұмыспен қамтылады. Ресейлік үлгідегі зауытқа заманауи соңғы үлгідегі қондырғылар қойылуда. Бұл өндіріс орнында әрқайсысы екі мың тоннаға дейін битум сақталатын қойма-шұңқырлардың алтауы салынады.
Өндіріс орны іске қосылғаннан кейін жергілікті жерде битум екі есе арзанға түседі дейді мамандар. Алдағы уақытта Батыс Еуропа - Батыс Қытай халықаралық автожолының құрылысы басталады. Демек, зауыт өніміне тапсырыс көлемі де көп болмақ.