Қызылордада «Еліміздің қуаты - бірлікте» атты форум өтті
«Қызылорда облысы Азаматтық Альянсы» қауымдастығының ұйымдастырған бұл шараға үкіметтік емес ұйымдардың басшылары мен еріктілер қатысты.
Тұрғындардың азаматтық белсенділігін арттыру, олардың үстіміздегі жылғы 15 қаңтарда өтетін ҚР Парламенті Мәжілісі және барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарын сайлау науқанына белсене қатысуы - аса маңызды мәселе. Форумды ашқан «Қызылорда облысы Азаматтық альянсы» қауымдастығының төрайымы Дариға Ақмағамбетова осыған баса назар аударды. Жиын барысында «Тәуелсіз мемлекетіміздің басты құндылығы - демократия» тақырыбында «Ақбосаға» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Меруерт Аңсатованың, «Азаматтық қоғам азаматтық белсенділік көрсетуі тиіс» тақырыбында Дариға Ақмағамбетованың хабарламалары тыңдалды. Сондай-ақ, қатысушылар арасынан «Тұрмысы төмен азаматтарды қолдау жөніндегі Қызылорда аймақтық қорының» директоры Сапура Абдрахимова, «Ұлт тағдыры» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жақсыбек Егізбаев сайлаушылардың сайлауға белсенді қатысу, олардың саяси науқанның әділ өтуіне әсері туралы ой-пікірлерін ортаға салды.
Соңында форумға қатысушылар үндеу қабылдады.