Қызылордада IV Азаматтық форум болып өтті
ҚЫЗЫЛОРДА. 28 қазан. ҚазАқпарат - Қызылордадағы Қорқыт ата атындағы Студенттер сарайында «Азаматтық форум - мемлекеттің елді әлеуметтік-экономикалық жаңғыртудағы стратегиялық әріптесі және тірегі» деген тақырыпта IV Азаматтық форум болып өтті. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметінен хабарлады.
Жиында облыс әкімі Қырымбек Көшербаев аймақтың әлеуметтік- экономикалық дамуы және қоғамдық-саяси ахуалы туралы баяндама жасады. Аймақ басшысы өзінің сөзінде тұрғындарды жұмыспен қамту, тұрғын үйлермен қамтамасыз ету, САРАТС жобасын жүзеге асыру, «Денсаулық сақтаудың жол картасын» жасау және орындау, облыстың мәдени мұрасын сақтау және насихаттау жайында айтып берді. Азаматтық альянс төрайымы Дариға Ақмағамбетова үкіметтік емес ұйымдар мен биліктің әріптестігін, өңірдің өркендеуі үшін олардың бірлесе жұмыс жасауы керектігін атап өтті. Облыстық еңбекті үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Жазира Жылқышиева тұрмысы төмен отбасыларын қолдау турасында атқарылып жатқан жұмыстардың жайына тоқталды. Жиында сондай-ақ «Сыр елі - ХХI ғасыр» ұйымының төрағасы Нұрлыбек Мыңжас, корей этно-мәдениет орталығының төрайымы Елена Ким шығып сөйлеп, күн тәртібіндегі мәселеге орай өз ойларын білдірді. Форумда Астанада өтетін республикалық Азаматтық форумға қатысатын делегация құрамы бекітілді. Соңынан Азаматтық қоғамның бір топ белсенділерін грамоталармен және алғыс хаттармен марапаттау рәсімі болды.