Қызылордада кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылық көбейіп барады
ҚЫЗЫЛОРДА. 25 наурыз. ҚазАқпарат /Жаңагүл Сердалы/ -Статистикалық мәліметтерге қарағанда, 2011 жылдың 2 айында Қызылорда облысы көлемінде кәмелетке толмағандармен 26 қылмыс тіркеліп, салыстырмалы мерзімде жасөспірімдер арасындағы қылмыстылық 125 пайызға көбейген.
Қызылорда облыстық прокуратурасының басқарма прокуроры Ғанибек Есентаевтың баяндауынша, жалпы кәмелетке толмағандар арасындағы жасалған 26 қылмыстың 2-і онша ауыр емес, 23-і орташа ауырлықтағы, 1-уі ауыр санаттағы қылмыстар болып отыр.
Кәмелетке толмағандар жасаған қылмыстардың басым көпшілігін, меншікке қарсы қылмыстар құрайды, мұның ішінде 9-ы ұрлық, 3-еуі бұзақылық, 10-ы алаяқтық, 2-еуі тонау, 1-еуі қорқытып алушылық, 1-еуі қасақана орташа ауырлықтағы дене жарақатын салу болып табылады. Осы санаттағы жасаған қылмыстар бойынша кәмелетке толмағандардың отбасы жағдайына тоқталсақ, 5-еуі төмен, табысы жоқ отбасы (ата-аналары және өздері жұмыссыз), 11-і тұрмыс жағдайы орташа отбасылар. Аталған санаттағы қылмыстар бойынша 1 кәмелетке толмаған жасөспірім қылмысын мас күйінде жасаса, 3-еуі топ болып алдын ала сөз байласу арқылы жасаған.
Мысалы, №10 орта мектептің 8-сынып оқушылары Е.Тоқпенбетов пен Ғ.Сыздықасов «Техно-Энерго-Сервис» ЖШС қоймасына заңсыз кіріп, трансформаторлардың қосалқы бөлшектерін ұрлаған. Аталған факті бойынша қазіргі таңда тексеру амалдары жүргізілуде. Кәмелетке толмағандармен жастар арасындағы мұндай құқық бұзушылық пен қылмыстың өсіп таралуы, бірінші кезекте оларды тәрбиелеуге тиісті мемлекеттік органдар мен жалпы білім беретін мектептердегі тәрбие жұмыстарының тиісті дәрежеде жүргізілмей отырғандығын, атаана тарапынан бақылаудың әлсіздігінен болып отырғанын аңғартады.