Қызылордада Қарағанды облысының күндері өтеді

Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов мәлім етті.
Алашқа ана, қазаққа пана болған айтулы Ақмешіттің іргетасы қаланғанына биыл 195 жыл толды. Осынау мерейлі мереке Сыр топырағында үлкен салтанат үстінде аталып өтуде. Қазанда басталып кеткен шаралар тізбегі айдың ортасына дейін жалғасады. Қала күніне орай ұйымдастырылатын шаралар ауқымы кең. 8-10 қазан аралығында аудандар өздерінің тарту-таралғыларын жасайды. 9 қазанда «Жібек жолы» сауда-сауық орталығының кинозалында режиссер Қ.Ахметовтің «Сіз кімсіз, Ка мырза?» фильмі тегін көрсетіледі. Сондай-ақ 10 қазанда Н.Бекежанов театрында «ҚазГерМұнай» БК-ның 20 жылдығына орай республикалық ақындар айтысы өткізіледі. Мерекелік шаралар ертеңіне Орталық алаңда Гала-концертпен қорытындыланбақ.
Бір айта кететін жайт, қала күні аясында «Алтын күз» атты дәстүрлі ауыл шаруашылығы өнімдері мен күріш жәрмеңкесі ұйымдастырылады. Қарағандылық қонақтар Сыр еліне осы мереке күндері қадам басқалы тұр.