Қызылордада Кәсіпкерлер палатасы «Бизнес мектеп» жобасын кешенді жүзеге асыруда

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасы аймақ көлемінде «Бизнес мектеп» жобасын сәтті жүзеге асыруда, деп хабарлайды облыстық кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметінен.

Қызылордада Кәсіпкерлер палатасы «Бизнес мектеп» жобасын кешенді жүзеге асыруда

Құрамында «Бизнес кеңесші», «Тәлімгерлік қағидасын қолдана отырып жобалық оқыту», «Бизнес даму» жобалары енгізілген кешенді жоба бүгінде қызылордалықтар арасында аса зор сұранысқа ие.

Атап айтқанда, Кәсіпкерлер палатасы жоспар бойынша жыл көлемінде 800-ден астам адамды «Бизнес кеңесші» жобасы аясында оқыту қажет болатын. Бірақ қызылордалықтардың сұранысы негізінде 5 айда 1179 қызылордалық қысқа мерзімді оқу курсынан өтіп, білімін жетілдірген азаматтардың басым көпшілігі кәсібін бастап та кетті.

Берден Бақтыгереев мамыр айында «Бизнес кеңесші» жобасы аясында білімін жетілдіріп, бүгінде автокөліктерге арналған техникалық жөндеу орталығын (СТО) ашқалы жатыр. Кәсіпкердің жалпы құны 10 млн. теңге тұратын жобасы Қызылорда өңірлік инвестициялық орталығы арқылы қаржыландырылды. Қазір Берден өзінің жеріне орталықтың құрылысын бастап та кетті. Жоспар бойынша техникалық орталық жыл соңына қарай қызылордалықтарға қызмет көрсететін болады.

Бүгінде Кәсіпкерлер палатасы «Бизнес кеңесші» жобасы аясында курстан өткен әлеуетті кәсіпкерлер үшін «Тәлімгерлік қағидасын қолдана отырып жобалық оқыту» жобасы бойынша әр түрлі тақырыптық бағыттар бойынша шеберлік сабақтарын өткізуді бастады. Алғашқы мұндай сабақ «Техникалық жөндеу орталығын қалай ашуға болады?» тақырыбына арналады. Тәлімгерлік қағидасын қолдана отырып жобалық оқыту 3 аптадан 2 айға дейін өткізілетін болады. Жоба аясында Кәсіпкерлер палатасының бизнес-жаттықтырушылары кәсіпкерлерге ақпараттық-талдамалық қолдау көрсетіп, қажетті оқу құралдарымен, маркетингтік сараптамалармен қамтамасыз ететін болады.

«Бизнес мектеп» кешенді жобасының қорытынды жобасы «Бизнес даму» бағдарламасы. Бұл жобаның қатысушылары тұрақты жұмыс жасайтын кәсіпкерлер. Аймақтағы шағын және орта кәсіпкерлер арасында жүргізілген сауалнама негізінде кәсіпкерлерді қызықтыратын курстың тақырыптары анықталды. Қызылордалық кәсіпкерлер бүгінде персоналды басқару, қаржыны басқару, маркетинг т.б. мәселелер бойынша біліктілігін жетілдіруге көмек көрсетуді сұрауда.

Қазір бұл бағытта Кәсіпкерлер палатасының бизнес-жаттықтырушылары жұмыс жүргізуде.