Қызылордада кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы ашылды

ҚЫЗЫЛОРДА. 31 мамыр. ҚазАқпарат - Бүгін Қызылордада кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы ашылды.
None
None

Салтанатты рәсімде облыс әкімі Қырымбек Көшербаев пен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамының басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова облыс кәсіпкерлерін құттықтап сөз сөйледі.

Бұған дейін дәл осындай орталық Алматы, Шымкент, Тараз, Павлодар қалаларында ашылған екен. Мұнда өз алдына кәсібі бар немесе жаңадан бизнесін бастап, соны дөңгелетуге ынталы азаматтарды тегін оқытып, қажетті кеңес береді. Кәсіпкерлер кез келген бизнеске қатысты ақпаратты алып, қажетті құжаттарды рәсімдеуге қол жеткізеді. Сонымен қатар бизнес иелері соңғы үлгідегі менеджмент технологиясы, бухгалтерлік есепті жүргізу, қаржы мен салық есептілігі, кеден процедуралары туралы да мәліметті қолма қол алады. Мұның бәрі облыстағы шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған. Орталықта коворкинг-офис те бар. Яғни бұнда кәсіпкерлер белгілі бір жобаларды бірлесе талқылап, олардың жүзеге асуын бірлесе қолға алады.

- Қазіргі күні Қазақстан көлемінде «бір терезе» принципі аясында ауқымды шаралар атқарылуда. Бұл орталық та осындай мақсатпен ашылып отыр. Орталық облыс кәсіпкерлерінің ортақ алаңына айналады деген сенімдемін. Бұл жерде сондай-ақ облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы, «Даму» қорының облыстық филиалы орналасатын болады, - деді облыс басшысы құттықтау сөзінде.

Салтанатты шараға қатысқан «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамының басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова орталық ғимараты көлемі жағынан республикадағы ең үлкені екеніне ерекше тоқталды.

- Орталық аймақ кәсіпкерлеріне қолайлы жағдай жасауға арналған орын болуы тиіс, - дей келе төрайым жаңа орталықтың жұмысына сәттілік тіледі.

Соңғы жаңалықтар