Қызылордада «Қазақтың біртуар ұлы» атты тарихи-танымдық кеш өтті

Ол мемлекет және қоғам қайраткері Әбу Құдабаевқа арналды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі..
Сыр бойында туып-өскен ол Ташкенттің мұғалімдер семинариясын, Мәскеудің Шығыс коммунистік университетін бітірген. Сол кезеңде Тұрар Рысқұлов, Темірбек Жүргенов, Иса Тоқтыбаев секілді ұлтымыздың зиялыларымен аралас-құралас болған. Ақмешіт уездік атқару комитетінің төрағасы, 1924-1937 жылдары Қарақалпақстанда жауапты қызметтер атқарған, ал 1938 жылы қуғын-сүргін құрбаны болған.
Кеште ардагер Сәбит Дәрібаев, туысы Хамила Әбілова, келіні Жібек Сәтбаева естеліктер айтып, тарих ғылымының кандидаты Уәлихан Ибраев бұл кездесудің тәрбиелік, тәлімдік маңызына тоқталды. Кешке сондай-ақ Ақмешіт гуманитарлық-техникалық институты мен Қызылорда көпсалалы гуманитарлық-техникалық колледжінің студенттері және мектеп оқушылары қатысты.