Қызылордада ҚР Конституциясының 15 жылдығы кеңінен аталып өтілуде

ҚЫЗЫЛОРДА. Тамыздың 30-ы. ҚазАқпарат /Жаңагүл Сердалы/ - Бүгін Қызылордада ҚР Конституциясының 15 жылдығы кеңінен аталып өтуде. Мерекелік шаралардың аясында осы сағаттарда Ғ. Мұратбаев атындағы Орталық стадионда стритболдан жарыс қызып жатыр. Әлгінде ғана темір жол вокзалынан жеңіл атлетикадан Қорқыт ата мемориалына дейін созылған эстафета мәреге жетті.

Қызылордада ҚР Конституциясының 15 жылдығы кеңінен аталып өтілуде

Қызылорданың орталық алаңында сағат 11-де «Ата заңым - айбарым!» атты мерекелік-көпшілік шарасы басталды. Ондағы үлкен монитор арқылы тікелей желіден Астанадағы мерекеге арналған шеру қызылордалықтар назарына ұсынылуда. Бұл мерекелік сәттер кешке көпшілік серуеніне жалғасады.

Ал кеше Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театрында «Конституция - тәуел­сіздік төлқұжаты» атты мере­келік жиын өтті. Оның соңынан орталық алаңда аймақ ақындарының «Ата заңым - Алаштың темірқазығы» атты айтысы ұйымдастырылды. Медициналық кеңес беру және диагностика орталығы жанындағы ашық алаңда «Мектеп» жәрмеңкесі болды.