Қызылордада құқық қорғау қызметкерлері борышкерлерді жұмысқа орналастыруға кірісті
ҚЫЗЫЛОРДА. 7 маусым. ҚазАқпарат - Қызылордада құқық қорғау органдарының қызметкерлері борышкерлерді жұмысқа шақырды.
Бұл туралы Сот актілерін орындау департаментінің баспасөз қызметінен хабарлады.
Борышкерлерді жұмыспен қамту мақсатында қалалық жұмыспен қамту, прокуратура, ішкі істер департаменті және сот актілерін орындау департаментінің қызметкерлері бастамашы болып, «Бос жұмыс орындары жәрмеңкесін» ұйымдастырды. 2013 жылдың 1 маусымындағы жағдай бойынша, Қызылордада жұмыссыздардың жалпы саны1528 адамды құрайды. Олардың ішінде 14,3 пайызы - жоғары білімді, 35 пайызы - арнаулы орта білімді, 50,7 пайызы - орта білімді. Қаланың 18 мекемесінен 186 бос жұмыс орны ұсынылды.
Сот шешімі бойынша, 70-ке жуық жұмыссыз борышкерді аталған шараға мәжбүрлеп қатыстыру туралы мемлекеттік сот орындаушылардың қаулылары Ішкі істер органдарына жолданды.
Борышкерлер ісін қарау барысында дені жұмыстың жоқтығын алға тартып, жауапкершіліктен жалтаруға тырысады. Алайда, сол борышкерлерді жұмысқа тартуға бағытталған шара негізінде олардың әлі де болса сот шешіміне немқұрайлы қарайтындығы аңғарылды. Ендігі жерде борышкерлер әкімшілік жауапкершілікке тартылатын болады.