Қызылордада Құтқарушылар күніне орай «дөңгелек үстел» отырысы өткізілді

ҚЫЗЫЛОРДА. 5 қазан. ҚазАқпарат /Жаңагүл Сердалы/ - Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаментінің мәжіліс залында 19-қазан - Құтқарушылар күніне орай дөңгелек үстел отырысы өткізілді.

Қызылордада Құтқарушылар күніне орай «дөңгелек үстел» отырысы өткізілді

Аталмыш іс-шарада «Нұр-Отан» халықтық - демократиялық партиясының Қызылорда филиалының өкілдері, мәдени-ұлттық орталықтарының жетекшілері, облыстық ішкі саясат басқармасы және Қызылорда облысының жұмылдыру дайындығы, азаматтық қорғаныс және авариялар мен дүлей апаттардың алдын алуды және жоюды ұйымдастыру басқармасының мамандары шақырылды.

Алғашқы сөзді азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы полковник Санжар Аспандияров алды. Ол төтенше жағдайдың алдын алу мен жоюдағы құтқарушылардың ерен еңбектерінің маңызы зор екендігі туралы әңгімеледі.

- Соңғы он жылдықта жер шарының әр түрлі аумақтарында табиғи-техногенді қауіпті құбылыстар белең алуда, -деді ол. - Біздің республикамыз, оның ішінде Қызылорда облысы әр түрлі табиғи апаттардың болуы мүмкіндігімен қауіпті болып табылады. Осыған байланысты тұрғындар ҚР АҚ және ТЖ саласына қатысты заңнамаларында қарастырылған өздерінің құқықтары мен міндеттерін білуге міндетті. Департаменттің алға қойған мақсаттарының бірегейі барлық санаттағы тұрғындарды әр түрлі сипаттағы қауіпті кезеңдерде әрекет ету тәртібі мен ережесін оқыту болып табылады.

«Адам өмірін қауіптен сақтап қалу біздің ең басты мақсатымыз». Өз сөзін осылай бастаған Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаменті авариялық құтқару қызметі бөлімінің бастығы капитаны Бақтияр Тұрманов дөңгелек үстелге қатысушыларға құтқарушылардың қашанда қиын да қауіпті іс-әрекеттермен бетпе-бет келе отырып, адам өмірін құтқарып қалатындықтарын тілге тиек етті. Бұған қоса ол департамент тарапынан жүргізілген әр түрлі оқу-жаттығулардың да біліктілікті шыңдауға септігін тигізетіндігін айтты. Сонымен бірге, жаттығулар кезінде төтенше жағдайды жою барысындағы күштер мен құралдардың дайындығына баса назар аударылып отыратындығын атап өтті.

Одан кейін дөңгелек үстел барысы тақырыпқа сәйкес кейбір сұрақтар төңірегінде пікірталастарға жалғасты. Ал, соңында ұйымдастырушылар шақырылған өкілдерге іс-шараға атсалысқандықтары үшін алғыс білдіріп, қиын да жауапты қызмет барысында абырой биігінен көріне берулеріне тілектестік білдірді.