Қызылордада мал жайылымын жаңғырту мәселелері сараланды
ҚЫЗЫЛОРДА. 24 маусым. ҚазАқпарат - Қызылордада «Арал өңірінде мал шаруашылығын одан әрі дамыту бағытында жайылымдарды суландыруды ұйымдастыру»деген тақырып бойынша республикалық семинар болып өтті.
Аймақ үшін аса маңызды өмірлік мәні бар тақырыпты талдауды Қазақстан Республикасындағы Аралды құтқару халықаралық қоры ауыл шаруашылығы министрлігі мен облыстық әкімдіктің қолауына сүйеніп ұйымдастырды. Әңгіменің негізгі арқауы Қазақстан Республикасы Президентінің Жолдауында алға қойылған экспорттық ет әлеуетін ұлғайту мен жайылымдық мал шаруашылығын дамыту міндеттерінен туындайтын шаруалардан өріс алды. Мал шаруалышығының бұл түрін өркендетуге облыста мүмкіндіктер мол. Ал мал шаруашылығы бұрынғы қалпында қайтадан қарқынды дамуы үшін ең алдымен малдың жайылымын қалпына келтіріп алу керек.
Семинарда ауыл шаруашылығы мамандары, гидрологтар, ұңғымаларды жабдықтаушы өндірісшілер, мердігерлер мен жер қазу жұмыстарында тәжірибелері бар қызметкерлер күн тәртібіндегі мәселеге орай өз ойларын ортаға салды.