Қызылордада «Мемлекеттік тіл - мемлекеттік қызметте» облыстық байқауы болып өтті
ҚЫЗЫЛОРДА. 15 маусым. ҚазАқпарат - Кеше Қызылорда облысының тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен А. Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде «Мемлекеттік тіл - мемлекеттік қызметте» атты облыстық байқауы болып өтті.
Байқаудың мақсаты - мемлекеттік тіл саясатын одан әрі жетілдіру жөніндегі жұмыстарды жүзеге асыру және мемлекеттік органдардағы мемлекеттік тіл саясатын жүргізудегі өзіндік үлесін айқындау.
Байқауға облыстық және республикалық бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік мекемелерде, аудандық әкімдіктерде қызмет істейтін мемлекеттік қызметшілерден құралған 7 команда қатысты.
Жарысқа қатысушыларды облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Уәйіс Ержан Үбәйдаұлы құттықтап, сәттілік тіледі.
Мемлекеттік тілдің қазіргі қоғам өміріндегі маңызы мен салмағы күннен-күнге арта түсуде. «Қазақстанның болашағы - қазақ тілінде» деп мемлекеттік тілдің бағытын айқындап берген Елбасы: «Мемлекеттік қызметкерлердің қабілет-қарымдысына, соның ішінде қазақ тіліне қамшы салдырмайтындарына жан-жақты қолдау көрсетуіміз керек. Әсіресе, мемлекеттік қызметке қабылданған қазақ қазақша сөйлеуі керек. Болмаса, басқа ұлттың өкіліне қалайша мұндай талап қоя аламыз?..» деген болатын.
Елбасы жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауларында мемлекеттік тілдің маңыздылығын әрдайым қадап айтып келеді. Осы орайда, мемлекеттік органдар мемлекеттік тілді дамыту барысында айтарлықтай жұмыстар атқарып, тіліміздің өркендеуіне өз үлестерін қосуда.
Бүгінгі таңда мемлекеттік тілді білу мемлекеттік қызметшілердің ең басты біліктілік талабына айнала бастады.
Сыр жерінде де мемлекеттік тіл саясаты тәуелсіз Қазақстанның мүддесіне сай байыппен, сындарлы қалыпта жүргізіліп келеді. Облыс көлемінде мемлекеттік басқару органдарында, мемлекеттік ұйымдар мен кәсіпорындарда «Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» ҚР Заңын жүзеге асыру мақсатында түрлі іс-шаралар ұйымдастырылуда. Соның бірі «Мемлекеттік тіл - мемлекеттік қызметте» атты облыстық байқауы мемлекеттік қызметшілер арасында төртінші рет өткізіліп отыр.
Байқауға қатысушылар төрт тапсырма бойынша сынға түсті.
Алғашқы кезеңінде сайыскерлер өздерін өлең-жырмен, қара сөзбен жан-жақты таныстырды. Екінші кезеңде «Қазақшаңыз қалай?» деген тақырып аясында мемлекеттік тілде басқару жұмысы мен іс жүргізуде атқарылып жатқан жұмыстар туралы көрініс көрсетті. Үшінші айналымда топ мүшелері көрсетілген терминдердің қазақша баламаларын дұрыс тауып айтып берді. Соңғы айналымда тіл туралы даналық сөздерді, әйгілі ғалымдар мен саяси қайраткерлердің сөздерін насихаттау арқылы мемлекеттік тілге қатысты қызмет бабындағы ұсыныс, ой-пікірін ортаға салып, ресми құжаттардан дәйексөз алып, ой қорытты.
Талапкерлердің өнерін Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің оқытушысы, доцент Абасилов Аман Мәделханұлы бастаған әділқазылар алқасы бағалады. Байқаудың сарапшылары үміткерлер өнерін бағалау кезінде тіл шеберлігіне, шешендігіне, сөз мәнеріне, терминдерді білуіне, киім сәніне, сахнада өзін-өзі ұстауына баса назар аударды.
Байқау қорытындысы бойынша «Мұрағатшылар» командасы облыстық мұрағат және құжаттама басқармасы І орынды, «Жаужүрек бес бала» Шиелі ауданы әкімі аппараты ІІ орынды, «Сыр айнасы» облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы ІІІ орынды жеңіп алды. «Сыр қаржыгерлері» облыстық қаржы басқармасы, «Нағыз қазақ» Арал ауданы әкімі аппараты, «Нұр ғасыр» Жаңақорған ауданы әкімі аппараты, «Тіл сақшылары» облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы ынталандыру сыйлықтарына ие болды.
Байқау соңында жеңімпаздар облыстық тілдерді дамыту басқармасының дипломдарымен және бағалы сыйлықтарымен марапатталды.