Қызылордада облыстық ақындар байқауы болып өтті
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, жас ұрпақты әдеби шеберлікке баулу, өскелең ұрпаққа ақынның қуатты да киелі көркем шығармаларын насихаттау, Мұқағалидың ақындық талантын өскелең ұрпақтың жүрегіне ұялатуды мақсат еткен сөз сайысына 18-29 жас аралығындағы талапкерлер қатысты.
Облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма бастығы Мейрамбек Шермағанбет қатысушыларға сәттілік тіледі.
Талапкерлер Мұқағалиға арнау, ақынның бір өлеңін жатқа оқу немесе оның өлеңіне жазылған әнді орындау, «Ана тілім - алтын бесігім» тақырыбында өзінің бір өлеңін оқу, «Жырсандықтан» Мұқағалидың 16 өлеңінің біреуін таңдап жатқа оқудан бақтарын сынады. «Сыр мектебі» газетінің бас редакторы, ақын Махмұтбай Әміреұлы бастаған қазылар алқасы қызылордалық Ұлықбек Тәңірбергеновті бас жүлдеге лайық деп тапты. Жаңақорғандық Ерсұлтан Мұстафаев бірінші орынды иеленсе, Қызылордадан Шаттық Қыстаубаева мен Қазалы ауданынан Алтын Қосбармақова екінші-үшінші орындарды бөлісті.