Қызылордада прокуратураның араласуымен кәсіпкерлердің құқықтары қорғалды
Тексеру нәтижесінде орын алған заңбұзушылықтарға байланысты аудандық прокуратура аудандық ішкі істер бөліміне ұсыныс енгізілді. Өз қызметтік міндеттеріне немқұрайлықпен қарап, заң бұзушылықтарға жол бергені үшін аймақтық инспектордың көмекшісі «ескерту» түрінде тәртіптік жазаға тартылды. Бұл туралы облыстық прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады.
Орын алған деректер бойынша сұралған аудандық ішкі істер бөлімінің Қазалы қаласының аймақтық инспекторының көмекшісі өз түсініктемесінде 2014 жылдың ақпан айының ішінде «Акжол», «Майти ата», «Жанипа», «Сәуле» дүкендері иелеріне профилактикалық жұмыс жүргізіп, кәмелетке толмаған жасөспірім оқушыларға темекі, алкогольдік ішімдіктер сатуға болмайтынын ескертіп, кәсіпкерлік құжаттарды қарау сұралғанын көрсеткен.
Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы» Заңында мемлекеттік органның лауазымды адамының тексерілетін субьектіге баруы және бақылаудың және қадағалаудың өзге де нысандарын жүргізу кезінде қажетті ақпаратты талап етуді қоспағанда, тексеру нысанасына қатысы бар қажетті ақпаратты сұрату тексеру болып табылады, делінген.
Сонымен қатар, жоғарыда көрсетілген Заңға сәйкес, салық қызметі органдары Қазақстан Республикасының салық кодексіне сәйкес жүзеге асыратын қарсы тексерулерді қоспағанда, тексеруді тағайындау туралы акт құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі уәкілетті органында міндетті түрде тіркеледі.
Алайда, жоғарыда аталған заң талаптары Қазалы қалалық ішкі істер бөлімшесі аймақтық инспекторының көмекшісінің назарынан тыс қалып, жеке кәсіпкерлердің заңмен қорғалатын құқықтарына нұқсан келтірген.
Осыған орай, аудандық прокуратураның тексерумен 4 кәсіпкердің құқықтары қорғалды.