Қызылордада С. Есқараевтың туғанына 115 жыл толуына арналған шара болып өтті

ҚЫЗЫЛОРДА. 4 қазан. ҚазАқпарат - Бүгін Қазақстанның тұңғыш дербес прокуроры белгілі қоғам қайраткері, қуғын-сүргін құрбаны, Сыр елінің перзенті Сүлеймен Есқараевтың туғанына 115 жыл толуына арналған іс-шара өткізілді. Бұл туралы облыстық прокуратураның баспасөз хатшысы Ақманат Шәймерденова хабарлады.
None
None

Шараға қатысушылар алдымен облыстық прокуратура ғимараты алдында орнатылған С. Есқараев ескерткішінің ашылу рәсімі болды. Ол Суретшілер одағының мүшесі, «Мәдениет саласының үздігі» Мұратбай Үмбетовтің қолынан шыққан. Ал ескерткіштің ашылу салтанаты алдында «Ұлттың рух тұлғасы» атты театрландырылған қойылым көрсетілді. Содан соң Қазақстан Бас Прокурорының орынбасары Нұрмаханбет Исаев Бас прокурор Асхат Дауылбаевтың осы оқиғаға арнаған ізгі лебізін жеткізді. Бұдан кейін облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілбек Шаухаманов сөз сөйлеп, С.Есқараев тарихта алатын ерекше орны туралы әңгімеледі. Шараға С. Есқараевтың қызы Мариэтта Есқараева, немересі Марат Баймұханов және басқа да туыстары, прокуратура органдарының ардагерлері тағы басқалар қатысты.

Келесі кезекте облыстық прокуратура ғимаратында С.Есқараев атындағы ведомстволық мұражайдың ашылуы да болып өтті. С. Есқараев мұражайы Қызылорда облыстық прокуратурасының бастамасымен дайындалды. Мұражайда тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу кезеңі мен Қызылорда облысының және прокуратура органдарының даму тарихы, Сүлеймен Есқараевтың өмірі мен қызметіне қатысты деректер сақталған.

Шара аясында «С.Есқараев: Тәуелсіз Қазақстан прокуратурасының қалыптасуы мен дамуы атты ғылыми-практикалық конференция өтті. Онда облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, Бас прокуратураның С. Есқараев атындағы институты директорының орынбасары, заң ғылымдарының докторы, профессор Есберген Алауханов, тарих ғылымдарының кандидаты Бауыржан Еңсепов, заң ғылымдарының кандидаты Ерлан Алтаев, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің студенті Ақерке Алматқызы баяндама жасады.

Конференция аясында С. Есқараевтың өмірі мен қызметіне арналған «Тарланбоз» кітабы мен деректі фильмінің тұсаукесері болды.

Республикамыздың прокуратура органдары мен ішкі істер жүйесін мен өз қолымен құрған Сүлеймен Есқараевтың 115 жылдық мерейтойын ескере отырып, Қызылорда облыстық прокуратурасы Бас прокуратураның қолдауымен дара тұлғаның ерен еңбегін мәңгі есте қалдыру мақсатында «Тарланбоз» кітабын шығаруды қолға алды.

«Тарланбоз» кітабының редакциялық алқасын облыс прокуроры, аға әділет кеңесшісі Сапарбек Нұрпейісов басқарды.

Конференция барысында облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Е.Есқараевтың 115 жылдық мерейтойлық төсбелгілерін тапсырды.

Соңынан С. Есқараев жүлдесі үшін болып өткен спорт турнирлерінің жеңімпаздары мен жүлдегерлері марапатталды.

Соңғы жаңалықтар