Қызылордада сеңді өткізуге дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр
«Қазір жағдай бір қалыпты. Оған табиғат қолайлы болып отыр. Бұған қоса, аймақ басшысы тиісті құзырлы орындарға сеңнің жылжуы кезінде ағын судың көлемін секундына 500 текше метрден асырмау туралы тапсырма берген. Төтенше жағдай қызметкерлері сеңнің облыс орталығына дейін жетуіне 165 шақырым қалғанын айтады. Яғни, ол 2-3 күннің ішінде қалаға жетеді. Мамандар мұзды мүлтіксіз өткізу үшін тынымсыз тірлік етіп жатыр. Мәселен, бас шаһардың оңтүстік қақпасында «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық тас жолының көпірі салынуда. Дәл сол жерде мұздың қалыңдығы 70 см-ге дейін жеткен. Сең келген кезде кептеліп, қауіп тудырмас үшін арнайы техникалармен мұздың қалыңдығын азайту жұмыстары жүргізіліп жатыр», - дейді инспекция басшысы Ә.Қарлыханов.
Демек, мамандардың есебі бойынша 18-19 наурыз күндері сең қалаға жетіп, осы көпірдің астынан өтеді. Сонда кептеліс туындамас үшін қазір оның алдын алу жұмыстарымен, яғни мұзды кесіп ыдыратумен 2 бригада айналысып жатыр.