11:04, 27 Сәуір 2014 | GMT +5
Қызылордада «Таза тіл» тобы 60-қа жуық нысанның қожайындарына ескерту жасады
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордада «Таза тіл» ерікті жастар тобы ақпараттық-насихаттық түсіндірме жұмыстарын жүргізу кезінде 56 нысанға ескерту жасады. Бұл туралы «Студент жастар одағы қоғамдық бірлестігі» хабарлады.
Топ мүшелері облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен және «Студент жастар одағы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Тіл туралы» Заңның 21-бабына сай жазылмаған ойын-сауық, сауда және басқа да жекеменшік нысандарында түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде заң аясынан алшақ кетпей, дұрыс әрі қатесіз жазу керектігін нысан қожайындарының қаперлеріне салды.
Алдағы уақытта облыстық тілдерді дамыту басқармасымен әріптестік байланыс негізінде жүйелі жұмыстар жалғасын табатын болады.