Қызылордада террористік тұрғыдан осал 167 нысан анықталды
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында террористік тұрғыдан осал 167 нысан анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қызылорда облысы Полиция департаменті тарапынан бұл бағыттағы тексеру жұмыстары тұрақты жүргізіліп келеді. Сол іс-шаралар биыл да жалғасын тапты.
«Биыл жыл басынан бері облыс аумағында орналасқан барлық террористік тұрғыдан осал нысандар тексерілді. Олардың 167-і талапқа толық сай келетіні анықталды. Ал 524 нысан басшылығына кемшіліктерді жою туралы нұсқама берілді. Оның ішінде 19 нысан басшысы тарапынан өрескел құқық бұзушылықтар анықталды. Осыған сәйкес олар ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 149-бабына сәйкес тиісті жазаға тартылды. Онда өзіне сеніп тапсырылған нысанның терроризмге қарсы қорғалуын қамтамасыз ету және қауіпсіздігінің тиісті деңгейін сақтау жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны көрсетілген. Нәтижесінде сот органдарының шешіміне сәйкес 19 нысан басшысына 8 миллион теңгеге жуық айыппұл салынып, жауапкершілікке тартылды», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Былтыр заң талаптарына сәйкес келмейтін 31 нысан анықталды. Олардың басшылығына 27 миллион теңгеге жуық айыппұл салынған болатын.