Қызылордада тоғызқұмалақтан халықаралық турнир өтті
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат-Наурыздың 2-сі мен 6-сы аралығында Қызылорда облысы Сырдария ауданында мемлекет және қоғам қайраткері Нәлқожа Ергешбаевты еске алуға арналған тоғызқұмалақтан халықаралықтурнир өтті,-деп хабарлады ҚазАқпарат ХАА тілшісі облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасына сілтеме жасап.
Биыл оныншы мәрте ұйымдастырылған дүбірлі бәсекеге Әзербайжан, Моңғолия, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей, Тәжікстан, Түркіменстан және Қазақстаннан 28 команда 256 спортшы қатысты. Турнир швейцар жүйесі бойынша 14 жасқа дейінгі қыздар, ұлдар және әйелдер мен ерлер арасында 9 турда өткізілді.
Жарыстың марапаттау рәсімінде Дүниежүзілік және ҚР тоғызқұмалақ федерациясының президенті Әлихан Бәйменов пен аудан әкімі Ғанибек Қазантаев спортшыларды жеңістерімен құттықтап, сөз сөйледі.
Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Садық Мұстафаев, облыстық тоғызқұмалақ федерациясының президенті Әбдіқадыр Ергешбаев пен Қазақстан тоғызқұмалақ федерациясының бас бапкері, жарыстың бас төрешісі Айнұр Жақапбаева жеңімпаз, жүлдегер атанған спортшыларды марапаттады.
Турнирде «Ең жас ойыншы» номинациясын 7 жастағы Алматы облысының спортшысы Әдемі Азмахын жеңіп алса, «Тарлан ойыншы» аталымына 77 жастағы сырдариялық Тұрғанбай Болғанбайұлы лайықты деп табылды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге дипломдар және ақшалай сыйлықтар табысталды.
Турнир нәтижесі:
14 жасқа дейінгі қыздар:
1-орын Балнұр Айжарық (Қызылорда)
2-орын Аружан Салман (ОҚО)
3-орын Зарина Асибек (Қызылорда)
14 жасқа дейінгі ұлдар:
1-орын Дамир Ахметов (Қызылорда)
2-орын Жарылқасын Беркінбаев (ОҚО)
3-орын Жұмакелді Тұрақбай (Маңғыстау)
Әйелдер арасында:
1-орын Диана Кенина (Ақтөбе)
2-орын Мөлдір Серікқызы (Ақтөбе)
3-орын Әсел Дәлиева (ОҚО)
Ерлер арасында:
1-орын Хәкімжан Елеусінов (Қызылорда)
2-орын Ғалымжан Темірбаев (Астана)
3-орын Белек Мамбеталиев (Қырғызстан)