Қызылордада тоғызқұмалақтан қоғам қайраткерін еске түсіруге арналған турнир болып өтті
ҚЫЗЫЛОРДА. 19 наурыз. ҚазАқпарат /Жаңагүл Сердалы/ - Қызылорда облысы Сырдария ауданында ҚР Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай белгілі қоғам қайраткері Нәлқожа Ергешбаевты еске алуға арналған тоғызқұмалақтан III республикалық жекелей турнир болып өтті,
деп хабарлады облыстық туризм және спорт басқармасының баспасөз хатшысы Лаура Шоңғалова.
Турнир швейцар жүйесі бойынша 18 жасқа дейінгілер арасында 9 тур, ал 18-ден жоғары жастағылар 7 тур болып өтті. Оған Астана, Алматы қалаларынан, Алматы, Ақтөбе, Атырау, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл облыстарынан және облыс аудандарынан 130-дан аса спортшы қатысты. Олардың арасында 4 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 12 спорт шебері, 31 спорт шеберлігіне үміткер бар. Соның ішінде әлем чемпиондары Әсел Дәлиева мен Ғалымжан Темірбаев, Қазақстанның бірнеше дүркін чемпиондары Хәкімжан Елеусінов, Салтанат Сапарбекова жарыс көрігін қыздырды.
Нәтижесінде 18 жастан жоғары ерлер арасындабірінші орынды Ғалымжан Темірбаев (ОҚО), екінші орынды Ербол Момбеков (ОҚО), үшінші орынды Біржан Елеусінов (Сырдария ауданы) жеңіп алды. Қыздар арасында бірінші орын Әсел Дәлиеваға (Қызылорда), екінші орын Фарида Әуесбаеваға (Қызылорда), үшінші орын Салтанат Сапарбековаға (ОҚО) бұйырды. Ал 18 жасқа дейінгі жасөспірім ұлдар арасында Жандос Мейрамқұлов (Жамбыл облысы) - бірінші, Биғали Зікіряев (Қызылорда) - екінші, Бексұлтан Бостандықов (Сырдария ауданы) үшінші орынға жайғасты. Сол сияқты 18 жасқа дейінгі жасөспірім қыздар арасында Ақерке Раманқұл (ОҚО) жеңімпаз атанса,
Бейбіткүл Әбдірахманова (Қызылорда) - екінші, Әйгерім Әбдіханова (Павлодар) үшінші жүлдеге қол жеткізді.