Қызылордада жергілікті өзін-өзі басқарудың оң тәжірибесі бар

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Бүгін Қызылордада ҚР Парламенті Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің көшпелі отырысы өтті. Жиынға аталған комитеттің мүшелері, ҚР Парламентінің депутаттары және облыс әкімі Қ.Көшербаев қатысты, - деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметінен.
None
None

Көшпелі отырысты ашқан ҚР Парламенті Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы С.Әйімбетов Қызылорда облысында ауылдық жерлерде жергілікті өзін-өзі басқарудың жұмыс істеуінің үлкен оң тәжірибесі бар екенін және экономиканың тұрақты даму үрдісі сақталып отырғандығын айтты.

Аймақ басшысы Қ.Көшербаев өзін-өзі басқару бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

- Мұнайлы аймақтың мұңы аз болуы керек. Бастысы, салық базасын кеңейту бағытында жұмыс жасап жатырмыз. Өндіріс орындарын уақыт өткен сайын көбейтудеміз. Өткен жылы ауыл әкімдерін курстардан өткіздік. Бірақ бұның өзі аздық етеді. Кадр мәселесінде қиындық көп. Ауылдық жерлерге әкімдікке бірнеше үміткер болуы қажет. Біздің басты міндетіміз - билікті барынша халыққа жақындату, - деді облыс әкімі Қ.Көшербаев.

Халық қалаулылары көшпелі жиынды өткізу үшін Қызылорданың бекер таңдалмағанын тілге тиек етті.

- Өзге облыстарда қаланың өздерінде басқару жүйесі бір жолға қойылмаған. Ал, Сыр елінде ауылдық жерлерде бұл мәселе шешімін тапқан. Енді оны жандандыра түсу керек. Кеше бірнеше ауылда болдық. Барлығында өсу, өркендеу бар. Тіпті инновациялық жобалар жүзеге асып жатыр, - деді ҚР Парламенті Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы С.Әйімбетов.

Сондай-ақ, жиында ҚР Парламенті Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшелері өзін-өзі басқарудың тиімділігін арттыру тұрғысында жан-жақты баяндамалар жасады. Жиын барысында көтерілген мәселелерді депутаттар алдағы уақытта бақылауда ұстап, шешілуіне септесетіндіктерін жеткізді.

Соңғы жаңалықтар