Қызылордада жылына 15 млн. кірпіш өндіретін зауыт салынбақ
Кеңес отырысында инвестициялық бағыттағы аймақ әлеуеті үшін келешегі зор, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беретін 11 жоба қаралды. Алайда кәсіпкерлерге шаруасын дөңгелету үшін қолдау қажет.
«Кәсіпкерлік саланы қолдауға биыл 1 трлн. теңге қарастырылуда. Соның тең жартысы қазірдің өзінде аударылды. Біз осы мүмкіндікті ұтымды пайдалануымыз керек. Бастысы - болашағы бар жобаны ұсына білу қажет. Кәсіпкерлерді қолдау мақсатында тексеруге мораторий жарияланғанын білесіздер. Енді іске кірісу керек», - деді аймақ басшысы Қ.Көшербаев.
Кеңесте «Шиелі тас» ЖШС жылына 15 млн. силикат кірпіш өндіру зауытының жобасын ұсынды. Құрылысы екі жылға жоспарланған зауыттың іргетасы биыл қаланбақ. Сондай-ақ «Бест Сервис ЛТД» ЖШС-нің етті қайта өңдеу кешенін салу жобасы да қолдау тапты. Ал «Газдалған және газдалмаған су өндірісі зауыты» жобасын ұсынған «Аквалайн» ЖШС басшысы Ғ.Жақсылықов жер мәселесінен қиындық туындап тұрғанын жеткізді.
Сондай-ақ «Құмкөл Мұнай Транс ЛТД» ЖШС серіктестігі ұсынған «Бұрғылау құбырларын инновациялық әдіспен қайта жөндеу цехын құру» жобасын тағы бір пысықтау қажет деп ұйғарылды. «ҚазЭлектроИнжинирингСервис» және «Теплотехникс-2» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері мұнай өңдеуде қажетті стандартты емес қондырғы өндірісі бойынша цех құрылысын салмақшы. Бұл «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы негізінде жүзеге асырылатын болды.
«Турбина СК» ЖШС екі бірдей жобаны - арматур шығаратын зауыт пен газ турбина сервистік орталығының құрылысын салуды ұсынды. Ал жылдам дайындалатын күріш ботқасын өндіруді «Олжа» ЖШС жүзеге асырмақ. Сонымен қатар, «Бюро туризм «Сырдария» ЖШС Қызылорда облысында сыртқы және ішкі туризмді дамыту жобасында енгізу мәселесін қарады.
Жиын соңында отырысқа ұсынылған жобаларға қатысты аймақ басшысы тиісті сала басшыларына тапсырма берді. Негізгі мәселелер шешімін тапса, олар көп ұзамай қолға алынбақ.