Қызылордалық кәсіпкерлер онкологиялық дертпен ауыратындарға көмек көрсететін хоспистің барлық жабдықтарын сатып әперді (ФОТО)

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордада жақында ашылған паллиативтік көмек беру бөлімшесін жабдықтауға аймақтың бизнес өкілдері белсенді атсалысуда. Бұл туралы облыстық кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі хабарлады.
None
None

Бұл туралы облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының міндетін атқарушы Дархан Мырзалиев облыстық кәсіпкерлер палатасының бастауымен аймақ кәсіпкерлері тарапынан осы онкоорталығына 3 млн теңгеге жуық көмек берілгендігін, алдағы уақытта да мұндай көмектер өз жалғасын табатындығын жеткізді.

Меценаттар жаңа бөлімге жұмсақ, корпусты, медициналық жиһаздар, тұрмыстық техникалар, мүгедек арбасын және өзге де науқастардың қажеттілігіне арналған заттарды алып берген. Олардың басым бөлігі мұнай-сервистік компаниялар, сондай-ақ «Frac Jet», «НефтьТехСервис», «ПиЭм Лукас Қазақстан», «Дос Инжиниринг», «Сыр Маржаны», «Kyzylorda Wildlife Foundation» ЖШС-тері мен Жандос Қарабала, Қадырберген Бедер, Мақсат Мүбарак, Анвар Якуповтар.

Кәсіпкерлер көмектерін «емделушілерге моральдық көмек көрсетіп, қолдау білдіргіміз келді. Бұл бастамамыз өзге азаматтар да жалғап алып кетеді деген сенімдеміз» дейді.

«Облыс әкімінің қолдауымен жергілікті бюджеттен бөлінген қаржыға облыста онкологиялық дертпен ауыратын науқастарға паллиативтік көмек көрсетуге арналған 15 орындық хоспис ашылған болатын. Аталмыш ауруға шалдыққан, жағдайы өте төмен азаматтарға арналған мұндай орталықты ашу бұрыннан жоспарымызда бар болатын. Бірақ сәті енді түсті. Көңілге қуаныш ұялатыны, кәсіпкерлердің бірден көмек қолын созып, орталыққа қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз еткендігі», - дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ақмарал Әлназарова.

Айта кету керек, паллиативтік көмек беру бөлімшесінің емделушілеріне Палата жанындағы облыстық Іскер әйелдер кеңесі де көмек көрсетуде. Кеңес мүшесі Айжан Шегенова бастаған нәзік жандылар орталықты бөлме гүлдерімен безендіріп, қабырға суреттерін табыс етті. Сондай-ақ, алда келе жатқан Халықаралық әйелдер күні қарсаңында сұлулық салоны қызметкерлерімен орталықта жатқан қыз-келіншектерге қызмет көрсететіндіктерін жеткізді.
null null null null

Соңғы жаңалықтар