Қызылордалық нәзік жанды полицейлер марапатталды

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Бүгін Қызылорда облысы ішкі істер департаментінің үлкен мәжіліс залында «8 наурыз - Халықаралық әйелдер күні» мерекесіне орай, жаны нәзік болса да, рухы мықты ақ жаулықты аналардың, ардақты апалар мен қаракөз қарындастардың құрметіне мерекелік іс-шара өтті. Бұл туралы ОІІД баспасөз қызметі хабарлады.

Қызылордалық  нәзік жанды полицейлер марапатталды

Салтанатты шара барысында полиция қызметінің ауырлығына қарамастан, азаматтық борышын өтеу жолында қажымай еңбек етіп, қоғамның тыныштығы мен қауіпсіздігін қорғап жүрген нәзік жандыларды құттықтау үшін Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің құттықтау жеделхаты ресми түрде оқылып, полиция генерал-полковнигі Қ.Қасымовтың бұйрығымен өз қызметтік міндеттеріне адалдықпен қарап, қызметтерінде жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген департаменттің қыз-келіншектері марапатқа ие болды.

ІІ дәрежелі «Ішкі істер органдарының үздігі» кеуде белгісімен Қызылорда ОІІД Жалағаш ауданы ішкі істер бөлімі жергілікті полиция қызметінің ювеналды полиция тобының кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі аға учаскелік полиция инспекторы полиция майоры Ахметова Ұлбосын Жақсылыққызы, Қызылорда ОІІД Арал ауданы ішкі істер бөлімі жергілікті полиция қызметінің ювеналды полиция тобының кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі аға учаскелік полиция инспекторы полиция майоры Есенжолова Гульнар Тулегеновна, Қазақстан Республикасы ІІМ-нің «Грамотасымен» Қызылорда ОІІД Қызылорда қаласы Ішкі істер басқармасының Жергілікті полиция қызметінің ювеналды полиция бөлімшесінің бастығы полиция майоры Бектемір Эльмира, Қазақстан Республикасы ІІМ-нің «Алғыс хатымен» Қызылорда ОІІД Құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімінің жетекші маманы Жайболсынова Тазагул Тасбергенқызы марапатталды.

Жалпы айтулы күнге орай, департаменттің 72 қыз-келіншегіне құрмет көрсетіліп, оның ішінде 9-ы департамент бастығының Құрмет грамотасымен, 13-і Грамотамен, 19-ы Алғыс хатпен марапатталып, 31-іне Алғыс жарияланды.

Мерекелік шара концерттік бағдарламамен жалғасын тауып, отбасының ұйытқысына, татулық пен келісімнің тірегіне айналған, махаббаттың, сұлулықтың символы саналатын құрметті ақ жаулықты аналардың, ардақты әйелдердің  құрметіне әндер шырқалып, билер биленіп, ақ тілектер мен мадақтар айтылды.