Қызылордалық полицейлер Байқоңырда өткен турнирде жүлделі орыннан көрінді

ҚЫЗЫЛОРДА. 04 қазан. ҚазАқпарат - Қызылорда облысы ішкі істер департаментінің құрамасы Байқоңыр қаласында «Динамо» спорт қоғамының 90 жылдығына арналып өткізілген халықаралық турнирде командалық үшінші орынға табан тіреді. Бұл туралы облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен хабарлады.
None
None

«Ресей Федерациясы Ішкі істер министрлігінің Байқоңыр қаласындағы басқармасы «Динамо» денешынықтыру-спорт қоғамының 90 жылдығына арналған мәдени-спорттық іс-шара өткізген болатын. Аталған шара барысында спорттың әр түрінен жарыстар өткізілді. Сайысқа барлығы 9 команда қатысты. Олардың қатарында Ресей Федерациясының Байқоңыр қаласындағы күш-құрылымдарынан жасақталған 7 команда, ҚР ІІМ-нің Байқоңыр қаласындағы өкілдігінің командасы және Қызылорда ОІІД құрама командасы болды», - делінген хабарламада.

Сайысқа белсене қатысқан Қызылорда ОІІД полицейлері спорттық жарыстың үш түрінен 1 орынды иеленді. Арқан тарту сайысында еш командаға дес бермеген қызылордалық полицейлер шағын футболдан да барлық командадан басым түсті. «Спорттық отбасы» сайысында да өнегелі және жігерлі отбасының үлгісін көрсеткен Сыр сақшылары болды.

Осы шара кезінде жас шамаларына қарай «Балалар көзқарасымен біздің қызмет», «Сіз бен біз тағдырласпыз «Динамо», атты тақырыптарда балалар суреттерінің көрмесі өткізілген болатын. Осы көрмеге өз суреттерін ұсынған Қызылорда ОІІД қызметкерлерінің балалары Қызылорда қаласының өнер мектебінің оқушылары 9 жастағы Ф.Өскенбай 3-орын, 13 жастағы А.Усков 1 орынды иеленіп, бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Жалпы командалық есепте Қызылорда ОІІД құрама командасы 3-орынға қол жеткізді.

Соңғы жаңалықтар