Қызылордалық прокурорлар табиғатты қорғау заңнамасына ерекше көңіл бөліп отыр
АСТАНА. 19 қаңтар. ҚазАқпарат - Қызылордалық прокурорлар өңірдегі экологиялық жағдайға байланысты табиғатты қорғау заңнамасына ерекше көңіл бөлуде. Бұл жөнінде кеше Бас прокурор Қайрат Мәмидің қатысуымен Қызылорда облысының прокуратурасындағы өткен кеңейтілген алқа мәжілісінде мәлім болды.
Бас прокуратураның баспасөз қызметінің мәліметтері бойынша, мәжіліс барысында облыстағы табиғатты қорғау саласындағы тексерістер бойынша 500-ден астам бұзушылық анықталғандығы айтылды. Нәтижесінде 205 адам тәртіптік және әкімшілік жауапкершілікке тартылып, мемлекет бюджетіне 497 миллион теңгеден астам қаражат өндірілген. Сондай-ақ прокурорлар кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау мәселелерін тұрақты қадағалауға алған. Бұл бағыттағы тексерулер бойынша 2 мыңнан астам кәмелетке толмаған жеткіншектердің құқықтары қорғалып, 1 мың 800-ден астам заңбұзушылық анықталып, 325 адам тәртіптік жауапқа тартылған.