Қызылордалық самбошылар Атырауда өткен ел біріншілігінен 3 алтын медаль алып қайтты

ҚЫЗЫЛОРДА. 16 наурыз. ҚазАқпарат /Жаңагүл Сердалы/ - Қызылорда облысының балғын самбошылары Атырау қаласында самбодан жасөспірім қыздар мен ұлдар арасында өткен Қазақстан чемпионатынан олжалы оралды.

Қызылордалық самбошылар Атырауда өткен ел біріншілігінен 3 алтын медаль алып қайтты

Сыр бойының жас түлектері бұл біріншілікте 7 медаль иеленсе, солардың 3-уі - алтын, 1-уі - күміс және 3-уі - қола медальдар болды. Жарыста Астана, Алматы қалалары мен еліміздің барлық аймағынан 300-ге жуық спортшылар бақ сынады.

Сайыста қызылордалықтар қыздар командалық екінші орынды иемденді. Олардың қатарындағы Гүлайым Нұрмаханова (48 келі, Қармақшы) менМереке Құдайбергенова (75 келі, Жаңақорған, Түгіскен БЖСМ) - бірінші, Әйгерім Бағыбергенова (52 келі, Тасбөгет БЖСМ) - екінші, Гүлфайруз Наймантаева (44 келі, №1 ОМБЖОРМ) үшінші орындарды жеңіп алды. Ал ұлдар арасында қармақшылықтар Айбек Серікбаев (81 келі) бірінші орынға көтерілсе, Ерсұлтан Мақсұтов (52 келі) пен Абай Әбішов (56 келі) үшінші сатыға жайғасты.

Команданы жарысқа Марат Асылов, Бақберген Тәтімбетов және ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушы Әділбек Серікбаев дайындады.

Алдағы уақытта осы жарыстан бірінші орынды иеленген спортшылар (Г.Нұрмаханова, М.Құдайбергенова, А.Серікбаев) маусым айында Ташкентте өтетін Азия чемпионатына және қазан айында Ригада болатын әлем чемпионатына қатысады.