Қызылордалық тауар өндірушілер Ақтөбеде көрме-жәрмеңке ұйымдастырды

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат-Өңіраралық кооперацияны дамыту туралы Елбасы тапсырмасын Сыр елі аймақтар арасында алғашқылардың бірі болып жүзеге асыруда. Осы мақсатпен қызылордалық тауар өндірушілер Ақтөбе облысында болып, ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі мен кәсіпорындар көрмесін ұйымдастырды. Бұл туралы облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.

Жәрмеңке барысында жұртшылық әсіресе, Қызылорданың ақ күріші мен балығына, Аралдың ас тұзына зор қызығушылық танытты. Тұрғындар қолжетімді бағада өткізілген  шарадан молынан өнім алып қалуға асыққан.    Елбасы тапсырмасын  Сыр өңірі алғашқылардың бірі болып  жүзеге асырып, еліміздің солтүстік-батыс аймағымен ынтамақтастық келісім жасады. Нәтижесінде жергілікті тауарөндірушілер  күріш, ет, балық, ұн және макарон өнімдері, көкөніс пен жеміс-жидектер секілді 20-дан аса тауар түрлерін ақтөбеліктерге ұсынды. 

Көрме-жәрмеңкемен Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев танысып, екі аймақтың бизнесмендерін бірлесе жұмыс жасауға, осылайша өңірлер арасындағы сауда айналымын арттыруға шақырды. 
    
Қазіргідей қысылтаяң уақытта қажетті өнім мен тауарларды сырттан тасымай, екі облыс бір-бірінің керегін қамтып отырса, мұның өзі ел экономикасының дамуына елеулі үлесін қоспақ. Осы күні картоптың бір келісі 50 теңгеден,  сәбіз 45 , пияз 40, қырыққабат пен қызылша 60 теңгеден, ал  еттің келісі  950 теңгеден  сатылды. Әсіресе, балық өнімдері қызу саудаланды. Сазан, шортан, ақмарқа, мөңке секілді түрлері  әп-сәтте сатылып кетті. Базар нарқынан 15-20 пайыз төмен бағада ұсынылған тауарлардың ішінде, Сырдың басты дақылы ақ күрішке  ақтөбеліктердің  сұранысы зор. 

Көпшілік игілігіне бағытталған шара аясында қызылордалық өнерпаздар ән мен жырдан шашу шашып, ақтөбеліктердің көңілін көтерді. Бұдан бөлек, қаладағы «Орда» сауда үйінде кәсіпорындардың көрмесі ұйымдастырылды. Мұнда өңірімізде даярланатын құрылыс материалдары, суару түтікшелері, кондитерлік өнімдер, арнайы жұмыс киімдері, полиэтиленді құбырлар секілді түрлі мақсаттағы тауарлар жұртшылық назарына ұсынылып, облыстың кәсіпкерлік мүмкіндігі таныстырылды.
 
Жәрмеңке барысында  30  миллион теңгенің өнімі саудаға шығарылды. 

Соңғы жаңалықтар
telegram