Қызылордалық жасөспірім қыздар күресінен әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Жақында Босния және Герцеговинаның Сараев қаласында қыздар күресінен жасөспірімдер арасында өткен Әлем чемпионатында жерлесіміз, Қызылорда облысының №1 облыстық олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің спортшысы Асылзат Сағымбай күміс жүлдегер атанды. Бұл оның халықаралық жарыстағы алғашқы жетістігі. Бұл туралы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.
None
None

Ол 40 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп, Қазақстан Республикасының спорт шебері нормативін орындады. Асылзат жарыс барысында 3 кездесу өткізіп, алғашқысында Беларусь спортшысын 12:7 есебімен ұтса, екінші кездесуде жапондық қыздан басым түсіп, 3:1 есебімен жеңіске жетті. Алайда финалда Ресей спортшысына есе жіберіп алды.

А.Сағымбай 2000 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. 10 жасынан бастап еркін күреспен айналысып келеді. Ол бұған дейін Қазақстан Республикасының және халықаралық турнирдің чемпионы атанды. Қазақстан ұлттық құрама командасының мүшесі.

Жас та болса өзінің еңбекқорлығының арқасында үлкен табыстарға қол жеткізіп келе жатқан Асылзатты білікті бапкер Жандос Бөрібеков жаттықтырады.

Айта кетейік, байрақты бәсекеге Қазақстаннан 9 спортшы барып, 3-еуі жүлделі оралды. Олардың бірі - күміс жүлдені иеленген Асылзат болса, Қостанай және Алматы облысының спортшылары қола жүлдені қанағат тұтты.

Соңғы жаңалықтар