Қызылордалықтар Кәсіпкерлер палатасы өткізіп жатқан «Бизнес мектеп» жобасының игілігін көре бастады

Құрамында «Бизнес кеңесші», «Тәлімгерлік қағидасын қолдана отырып жобалық оқыту», «Бизнес өсу» жобалары енгізілген кешенді жоба бүгінде қызылордалықтар арасында сұранысқа ие.
Атап айтқанда, Кәсіпкерлер палатасы жоспар бойынша жыл көлемінде 800-ден астам адамды «Бизнес кеңесші» жобасы аясында оқыту қажет болатын. Бірақ қызылордалықтардың сұранысы негізінде 5 айда 1179 адам қысқа мерзімді оқу курсынан өтіп, білімін жетілдірді. Азаматтардың басым көпшілігі кәсібін бастап та кетті. Бақтыгереев Берден мамыр айында «Бизнес кеңесші» жобасы аясында білімін жетілдіріп, бүгінде автокөліктерге арналған техникалық жөндеу орталығын (СТО) ашқалы жатыр. Кәсіпкердің жобасы жалпы құны 10 млн.теңге тұратын жобасы Қызылорда өңірлік инвестициялық орталығы арқылы қаржыландырылды. Қазір Берден өзінің жеріне орталықтың құрылысын бастап та кетті. Жоспар бойынша техникалық орталық жыл соңына қарай қызылордалықтарға қызмет көрсететін болады.