«Қызылжар» Футбол командасы көш басына шықты

Алғашқы үш турда бірде-бір мәрте жеңіліп көрмеген «Ақтөбе» мен «Қызылжар» өзара шеберлік байқасты.
Ойын барысында командалар гол соғатын мүмкіндіктерді іздеді. Нәтижесінде, «Қызылжар» ойыншысы Лука Имнадзе 35, ал Пернамбуко 56-минутта мергендік танытты.
Ойынның 70-минутында ақтөбелік Әлібек Қасым пенальтиден есеп айырмасын қысқартса, петропавлдық Юрий Бушман пенальтиден қорытынды есепті белгіледі.
Осылайша, «Ақтөбе» қарсыласына 1:3 есебімен жол берді.
Төрт ойында бірде-бір ұпайдан шашау шығармаған «Қызылжар» турнир кестесінде көш басына шықты.
Ал, «Атырау» өз алаңында Көкшетаудың «Оқжетпесін» қабылдады. Кездесуде көкшетаулық клубтан Срджан Дмитров 43, Виктор Гунченко 53, Шоқан Абзалов 63, Иван Брикнер 91-минутта көздеген нысанадан мүлт кеткен жоқ.
Нәтижесінде, «Оқжетпес» сырт алаңда «Атырауды» 4:0 есебімен тізе бүктірді.
Еске салсақ, бұдан бұрын қызылордалық «Қайсар» сырт алаңда ақтаулық «Каспийден» 3:1, «Ақсу» өз алаңында «Мақтаралдан» 2:1 есебімен басым түсті.
Сондай-ақ, «Шахтер» мен «Қайрат» және «Жетісу» мен «Тобыл» 1:1 есебіне қанағат білдірді.
Дәл қазір «Астана» мен «Ордабасы» (Шымкент) кездесуі басталды.