Л. Гумилев атындағы ЕҰУ мен ҚР ІІМ Ішкі әскерлері арасында меморандумға қол қойылды
АСТАНА. 6 маусым. ҚазАқпарат - Бүгін Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде аталған ЖОО мен ҚР ІІМ Ішкі әскер Бас қолбасшылығы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
«Ынтымақтастық туралы меморандум Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың еліміздің зияткерлік элитасын қалыптастыру, білім сапасын қамтамасыз ету саласындағы, еңбек нарығындағы бәсекелестікке қабілетті мамандарды дайындау жөніндегі ынтымақтастықтың тиімділігін арттыруға бағытталған талаптарын іске асыруды көздейді», - деп атап өтті ҚР ІІМ Ішкі әскерлерінің Бас қолбасшысы генерал-майор Руслан Жақсылықов.
Оның айтуынша, аталған құжатқа қол қоюдың басты мақсаты Еуразия университетінде оқитын психологтардың білімін жетілдіру, оларды Қазақстан Республикасы ІІМ Ішкі әскерлерінің әскери бөлімдерінде кәсіби тәжірибеден өткізу болып табылады. Бұл өз кезегінде ҚР ІІМ Ішкі әскерлеріндегі әскери қызметшілердің жеке тұлға ретінде, әскери ортадағы моральдық-психологиялық ахуалды жақсартуға және біріктіруге нақты көмек жасайтыны сөзсіз.
«Сіздердің ЖОО-ға еліміздің түкпір-түкпірінен білім қуған жастар келіп оқиды. Сол сияқты біздің Ішкі әскерлердің де әрбір облыс орталықтарында бөлімшелеріміз бар. Психология мамандығын алып шыққан түлектеріңіз біздің кез келген бөлімшемізден тәжірибеден өтіп, ары қарай жұмысқа тұрып кете алады», - деді Р. Жақсылықов.
Меморандум аясында әскери психологтарға ғылыми кеңес беру, ғылыми-зерттеу бағытындағы біріккен инновациялық жобалар әзірлеу мен өткізу, жаңа әдістемелер мен сынақтар дайындау және тәжірибе жүргізу жұмыстары ұйымдастырылады.
Меморандумға ҚР ІІМ Ішкі әскерлерінің Бас қолбасшысы генерал-майор Руслан Жақсылықов пен Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов қол қойды.