Лабрадор Болгария парламенті отырыстарына тұрақты түрде қатысатын болды
АСТАНА. KAZINFORM – Болгария парламентінің 52-шақырылымында жаңа дәстүр енгізілді – енді бірде-бір отырыс иттің қатысуынсыз өтпейді. Бұл туралы Болгар ұлттық телеарнасы хабарлады.
Жуырда Халық жиналысының мерзімінен бұрын сайлауы өтіп, бейсенбіде жаңартылған заң шығарушы органның алғашқы отырысы өтті. Сайланған депутаттардың қатарында көру қабілеті нашар Иван Янев бар. Осыған байланысты ол арнайы үйретілген жетекші иттің – Ровер атты лабрадордың көмегіне жүгінеді. Парламент жұмысы ресми басталардан бірнеше күн бұрын олар ғимаратқа барып, ішкі бағыттарды алдын ала зерттеп, ортаға бейімделген.
Янев «Прогрессивная Болгария» блогы атынан сайлауға қатысып, бұл бірлестік Халық жиналысындағы 240 орынның 131-ін иеленіп, абсолюттік көпшілікке қол жеткізді. Парламент кулуарларында төрт аяқты серікке «241-депутат» деген әзіл атау да берілген. Енді лабрадор иесін барлық жерде – комитет отырыстарында да, пленарлық мәжіліс залында да еріп жүреді.
Бұған дейін Италия әлемде алғаш болып үй жануары ауырған жағдайда оған күтім жасау үшін ақылы демалыс алуға ресми түрде рұқсат берген еді. Енді жұмыс берушілер қызметкердің иті немесе мысығы ауырса не өлсе, үш күнге дейін ақылы демалыс беруге міндетті. Бұрын мұндай демалыс тек жақын туыстарға қатысты маңызды отбасылық жағдайларда ғана қарастырылатын.
Айта кетейік, жуырда Еуроодақ жануарларды қорғау шараларын қатаңдатты.
Ал елімізде үй жануарларын азаптағандар қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Нақтылай түссек, Мемлекет басшысы «Таза Қазақстан» бастамасын дамыту аясында жануарларға қамқорлық мәдениетін қалыптастыру туралы айтты.