Еуроодақ жануарларды қорғау шараларын қатаңдатты
АСТАНА. KAZINFORM — Еуроодақтың барлық елінде үй жануарларын ұстау, өсіру және сату бойынша бірыңғай ережелер енгізіледі, деп хабарлайды DW.
Мұндай заңды Еуропа парламентінің депутаттары қабылдады, енді оны ЕО Кеңесі мақұлдауы тиіс.
Негізгі жаңалықтардың бірі — барлық иттер мен мысықтарды міндетті түрде чиптеу және ұлттық деректер базасына тіркеу. Сонымен қатар жануарларды денсаулығына зиян келтіретін белгілермен көбейтуге және жақын туыстарын бір-бірімен шағылыстыруға тыйым салынады.
Бұдан бөлек, қатыгез әрекеттерге шектеу енгізіледі: жануарларға көрме үшін зақым келтіруге, қауіпті қарғыбауларды қолдануға және ЕО-дан тыс жерлерден заңсыз әкелуге болмайды.
Еуроодаққа үй жануарларын әкелетіндердің барлығы оларды кемінде бес жұмыс күн бұрын чиптеп, ұлттық деректер базасына тіркеуі тиіс. Бұл талап коммерциялық емес тасымалдарға да қатысты.
— Үй жануары — бұл отбасының мүшесі, зат немесе ойыншық емес, — деді ауыл шаруашылығы және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің басшысы Вероника Вречионова.
Бұған дейін былтыр Еуропалық Одақтағы мигранттар саны рекордқа жеткенін жаздық.