Былтыр Еуропалық Одақтағы мигранттар саны рекордқа жеткен

АСТАНА. KAZINFORM — 2025 жылы Еуропалық Одақ аумағында тұратын мигранттар саны рекордтық 64 млн адамға жетті. Бұл туралы БЕЛТА The ROCKWOOL Foundation қорының есебіне сілтеме жасап хабарлады.

Былтыр Еуропалық Одақтағы мигранттар саны рекордқа жеткен
Фото: unsplash.com

— ЕО-да шетелде туған адамдардың саны рекордтық деңгейге жетіп, 2025 жылы шамамен 64 млн адамды құрады, — делінген есепте.

Жарияланымда қор мигранттарды туған елінен басқа елде тұратын адамдар ретінде анықтайтыны нақтыланады.

Есепте 2010 жылы мигранттар саны 40 млн болғаны, яғни 15 жыл ішінде 60%-ға өскені көрсетілген. 2024–2025 жылдар аралығында Еуропалық Одақтағы мигранттар саны шамамен 2,1 млн адамға артқан. Алғашқы ірі өсім 2015 жылғы дағдарыс кезінде байқалды, сол кезде 1,25 млн-нан астам адам ЕО-дан баспана сұрады.

Қор мәліметінше, мигранттардың негізгі бағыты — Германия. 2010 жылдан бері олардың саны шамамен 70%-ға артқан. Франция мен Испания да тұрақты өсім көрсеткен. ЕО-ның басқа мүше елдерінде де өсу үрдісі байқалады.

Халқы аз мемлекеттерде мигранттардың үлесі халық санына шаққанда ең жоғары. Атап айтқанда, Люксембургте мигранттар халықтың шамамен 52%-ын құрайды, одан кейін Мальта (32%) және Кипр (28%).

Босқындарға келсек, ең көп қабылдайтын ел — Германия, шамамен 2,7 млн адам, бұл екінші орында тұрған Польшадағы (шамамен 1 млн) көрсеткіштен екі еседен аса көп. Одан кейін Франция, Испания және Чехия келеді.

Бұл деректер Еуропада көші-қон қарқынының айтарлықтай күшейгенін көрсетеді. Соңғы жылдары мигранттар санының өсуі экономикалық, саяси және гуманитарлық факторлармен байланысты.

Айта кетейік, бұған дейін БҰҰ 8 мыңға жуық заңсыз мигрант қаза тапқанын мәлімдеген еді.