«Лала» дауылы Гавайиге жетті: бір адам қаза тауып, ондаған мың үй жарықсыз қалды
Бірінші санаттағы «Лала» дауылы Гавайиге соққы беріп, өңірде екпіні күшті жел соғып, нөсер жаңбыр жауды. Дүлей табиғи құбылыстың салдарынан бір адам қаза тауып, 60 мыңнан астам үй электр жарығынсыз қалды. Бұдан бөлек, 190-нан астам әуе рейсі кейінге шегеріліп, тоқтатылды, деп хабарлайды Kazinform Anadolu агенттігіне сілтеме жасап.
CNN телеарнасының Гавайи губернаторы Джош Гринге сілтеме жасап хабарлауынша, табиғи апат салдарынан болған жол-көлік оқиғасынан бір адам қаза тапқан.
Бұған дейін АҚШ-тың Ұлттық дауылдарды бақылау орталығы «Лала» дауылының бірінші санатқа дейін күшейгенін хабарлаған. Дауыл ошағында желдің жылдамдығы сағатына 129 шақырымға дейін жеткен. Синоптиктер су тасқыны мен көшкін қаупі бар екенін ескертті.
Гавайи округінің басшысы Кимо Аламеда дауылға байланысты ескерту әлі де күшінде екенін айтып, тұрғындарды қауіпсіз жерлерге жасырынуға үндеді. Оның айтуынша, штатта жолдардың жабылуы бойынша бұрын-соңды болмаған көрсеткіш тіркелген. Электрмен жабдықтауды толық қалпына келтіру жұмыстары ұзаққа созылуы мүмкін.
Дауыл соқпас бұрын Гавайидегі супермаркеттер мен жанармай құю бекеттерінде адам қарасы көбейіп, тұрғындар қажетті заттарды жаппай сатып алған. Бірқатар ауданда эвакуациялық пункттер ашылды.
Қазіргі таңда 60 мыңнан астам үй электр қуатынсыз қалды. Сонымен қатар 190-нан астам әуе рейсі кешіктіріліп, бір бөлігі тоқтатылды.
Гавайиде кейінгі рет жойқын дауыл 1992 жылы болған. Сол кезде «Иники» дауылы төртінші санатқа дейін күшейіп, Кауаи аралына айтарлықтай зиян келтірген.
Еске салайық, бұған дейін «Лала» дауылы Гавайидің Үлкен аралына тікелей соққы беруі мүмкін екенін жазғанбыз.