Латвия Президенті Қарағанды облысында саяси қуғын-сүргін құрбаны болған отандастарына арнап ескерткіш ашты

А. Берзиньш Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа алғысын білдірді. «2004 жылы біздің қуғын-сүргінге ұшырағандардың жеке істері жатқан мұрағатқа қолымыз жетті. Біз осы жерде қанша адам қалғанын және жалпы қаншасы болғанын білмейміз. Ең бастысы - біздің сапар тарихты оқып зерттеуге түрткі болады», - деп атап өтті ол.
Мұндай қасірет болашақта қайталанбауы үшін барлығын жасауымыз керек, деді Латвия Президенті.
Қарағанды облысының әкімі Бауыржан Әбдішев Латвия Президентінің сапары Спасск мемориалды кешенінен басталғанын өте маңызды деп есептейді. «Халқымыздың көпғасырлық тарихында жарқын сәттер де, қайғылы кезеңдер де болды. Ондай кезеңге талай жанның тағдырына балта шапқан тоталитарлық режім дәуірі жатады. Бұл біздің ортақ тарихымыз, оны ұмытуға тиісті емеспіз», - деді аймақ басшысы. Оның айтуынша, өткенге құрметпен қарау - келешекте мұндай қасіретке жол бермеудің ең тиімді кепілі.
Ашылу салтанатына латвиялық үлкен делегация келді.
Ескерткішті жасауға Қазақстандағы Латвия елшілігі, Латвияның саяси қуғын-сүргін құрбандары қоғамы, «Латвияс дзелзцельш» және «Латвияс пастс» қатысты. Ескерткіш авторы - мүсінші Паулс Яунземс, ал оны жасаған қарағандылық шеберлер.
Қолда бар мәліметтер бойынша, қарағандылық лагерьлерде 1000-нан астам латыш болған.
Бұған дейін хабарланғандай, Латвия Президенті А. Берзиньш 2-4 маусым аралығында Қазақстанға ресми сапармен келеді. Сапар барысында жоғары деңгейде саясат пен экономикадағы ынтымақтастықты кеңейту, сондай-ақ солтүстік көлік желісін одан әрі дамыту мәселелері талықаланады. 3 маусым күні А. Берзиньштің Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесуі жоспарланған. Сондай-ақ ол ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметовпен және ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулинмен кездеседі.
Бұдан өзге, А. Берзиньш латвиялық-қазақстандық бизнес-форумға қатысады деп күтілуде. Оның мақсаты жобаларды жүзеге асыру үшін екі ел кәсіпкерлерінің арасында тікелей байланыс орнату.