Латынға көшкенде қазақтың әдебиеті оқылмай қалмай ма

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазіргі кезде xалық арасында латын әліпбиіне қатысты бір үрей бар. Ол - латынға көшкеннен кейін қазақтың классикалық әдебиеттері оқылмай қала ма? Содан xалық сауатсыз болып кетпей ме? Шайсұлтан Шаяxметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық орталығының директоры Ербол Тілешовтің айтуынша, ондай проблема туындамайды. Себебі барлық әдебиеттер автоматты түрде латынға аударылады, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Латынға көшкенде қазақтың әдебиеті оқылмай қалмай ма

«Шынында да, xалық бұл мәселеге қатты алаңдап жатыр. Жақсы әрі маңызды әдебиеттер оқылмай кете ме, осыған қатысты бір қауіп бар. Осыған қатысты бір мысал келтірейін, 20-жылдары біз латынға көшкенде, немесе, 40-жылдары кириллицаға көшкен кезде біздің мұраларымыз оқылмай қалған жоқ. Ол кезде компьютер деген атымен де жоқ. Бәрін машинкамен терді. Соның өзінде екі ауылда бір машинка болса жақсы. Қазіргі кезде миллиондаған кітаптардың электронды нұсқасы бар. Мен өзім куәмін. Алматыға барып, латын конвертерін көргенде 1 600 беттік «Абай жолын» 7 секундта аударған. Күні кеше Парламентте үш-ақ секундта аударды», - дейді Тілешов.

Оның айтуынша, бір кітапты латынға аудару үшін бірнеше секунд кетсе, бір күнде біраз кітаптарды жаңа әліпбиге түсіруге болады.

Латын конвертеріне жауапты Қуаныш Біләлдің сөзіне қарағанда, бүгінде аталған жүйе ғылыми кітаптарды да, әдеби туындыларды да аударуға дайын. Алайда латын әліпбиінің бірыңғай стандарты бекітілуі керек. Сол кезде конвертердің бағдарламасына барлық түзетулер енгізіліп, латынға аудару жұмысын қатесіз жүргізуге болады.

Айта кетейік, кеше ҚР Парламент Мәжілісінде өткен тыңдауда латын әліпбиінің бірыңғай нұсқасы таныстырылды . Қазақ тілінің жаңа әліпби жобасы «бір әріп - бір дыбыс», «бір әріп - екі дыбыс» және «бір дыбыс» принципіне негізделген.  25 таңбалы алфавиттен бөлек 8 диграф бар.