Іле-Алатауы паркінде Тянь-Шань қоңыр аюы фототұзақ объективіне ілікті
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген Тянь-Шань қоңыр аюы (Ursus arctos isabellinus) Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде фототұзақтың объективіне ілігіп қалды. Бұл туралы Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті мәлім етті.
Фототұзақ объективіне іліккен жыртқыштар отрядына жататын сирек жануарлар — ғылыми мониторинг нәтижесі.
— Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде бұл жануарлар таудың қылқанжапырақты және жапырақты ормандарында, субальпі және альпі белдеулерінде, сондай-ақ құздар мен тасты аймақтарда мекендейді, — деп жазды комитеттен.
Соңғы деректерге сәйкес, ұлттық паркте 82 дарағы тіркелген.
Мамандардың айтуынша, қараша айының басында Тянь-Шань қоңыр аюлары қыстық ұйқыға кетеді. Бұл ерекше жануар — экожүйенің маңызды бөлігі. Оларды сақтау — әрқайсымыздың ортақ міндетіміз.
Еске сала кетейік, бұған дейін Сайрам-Өгем паркінде Қызыл кітапқа енген Тянь-Шань қоңыр аюы фототұзаққа түсіп қалған еді.
Экологиялық мониторинг деректеріне сәйкес, қар барысы, Тянь-Шань қоңыр аюы, Қаратау арқары және өзге де сирек кездесетін аңдардың саны жылдан-жылға тұрақты түрде артып келеді.