Іле жағалауындағы Көшпенділер қаласының қазіргі жай-күйі қалай
ҚОНАЕВ. KAZINFORM — Алматы облысындағы ерекше орындардың бірі — облыс орталығынан 30 шақырым қашықта орналасқан Көшпенділер қаласы.
Іле өзенінің бойында фильм түсіріліміне арнап салынған қалашыққа арада жиырма жылдан астам уақыт өтсе де туристер жиі келеді.
Себебі бұл нысан нақты тарихи шаһар болмаса да, қазақ халқының ортағасырдағы тыныс-тіршілігін көзбен көріп, қолмен ұстап көруге, сезінуге мүмкіндік беретін бірегей кинодекорация.

Ол 2004 жылы «Көшпенділер» фильмін түсіру үшін XVIII ғасырдағы бекініс ретінде арнайы салынған. Кешен 5,8 гектар жерді алып жатыр.
Құрылыс барынша шынайы көрінгенімен негізінен ағаштан және бетіне балшық жағылған пенопласт сияқты материалдардан жасалған. Қалашықтың ішінде зындан, хан ордасы, мешіт, қолөнер шеберханалары мен базар алаңы бар.

Осы жылдар ішінде нысан көптеген отандық және шетелдік жобалардың түсірілімінде қолданылды. Оның ішінде «Дневной дозор» фильмі мен танымал әнші Jah Khalib-тің «Медина» бейнебаяны бар.
Сондай-ақ кешен шаңырақ көтергелі жатқан жастар арасында танымал. Мұнда Love Story түсіру үшін еліміздің түкпір-түкпірінен келетін ерлі-зайыптылар аз емес.

Дегенмен, 20 жылдан астам уақыт ішінде қалашық тозып, жай-күйі нашарлаған. Бір қабырғасы құлап, не арасында жарықтары пайда болған құрылымдар аз емес.
Нысанды өз көзімен көрген Kazinform тілшісі осылай баға берді.

2025 жылдың тамыз айында Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы Көшпенділер қалашығын Қонаев қаласына сыйға тартты. Енді қала әкімдігі тозып, ескірген қалашықты жаңғыртып, оны туристер үшін тартымды орынға айналдырғалы отыр.

Оның алғашқы қадамы да жасалды. Былтыр құрылысы басталған туристік нысанға дейінгі 6,9 шақырымдық жол қолданысқа берілді. Енді Алматы мен Қонаев қаласынан Көшпенділер қаласына баратын жол туристер үшін жеңілдейді.

— Бұл кешенге қазір жаңадан жол салынып, оның бойы жарықтандырылды. Мұнда келетін туристер ағынын көбейту мақсатында нысанды толық жөндеу жүргізу жоспарланып отыр. Туристер үшін барлық жағдай жасалады, — деді Alatau визит орталығының өкілі Фариза Сихымбаева.

Еске салайық, бұған дейін еліміздің қай өңірлерінде жаңа туристік визит-орталықтар ашылатынын жазғанбыз.



