Linkin Park әні қазақы нақышта: Ұлттық ұлан хоры ресейлік шоуды шулатты

АСТАНА. KAZINFORM — ҚР Ұлттық ұланының Ән-би ансамблі Мәскеуде өткен әйгілі «Ну-ка, все вместе! Хором!» вокалдық шоуына қатысып, қазылар алқасы мен көрерменді ерекше тәжірибесімен таңдай қақтырды.
Linkin Park әні қазақы нақышта: Ұлттық ұлан хоры ресейлік шоуды шулатты
Фото: Видеодан скрин

Олар әлемге әйгілі Linkin Park тобының «Numb» хит әнін домбыра мен заманауи роктың үйлесімінде орындап, әлеуметтік желіні шулатты. Осы ерекше жоба мен ұжымның жетістіктері туралы «Jibek Joly» телеарнасының «Бүгін.LIVE» бағдарламасында ансамбль өкілдері айтып берді.

Бұл халықаралық жобаға қатысу — ұжымның көптен күткен арманы. Шоудың жеті жылдық тарихында биыл хор жанрының қосылуы қазақстандық әскерилерге жол ашқан. Ұйымдастырушылардың өзі Ұлттық ұлан ұжымына интернеттегі кавер-бейнелері арқылы хабарласқан екен.

— Шоу ұйымдастырушыларына ерекше әсер керек болды. Көрермендер әскери киімдегі ұжымнан қазақша немесе әскери ән күткені анық. Бірақ біз сахнаға ағылшын тіліндегі рок әнмен атып шықтық. 100 адамнан тұратын қазылар алқасын таңғалдыру басты мақсатымыз еді. Рокты хормен орындаудың өзіндік әсері болды, — дейді ҚР Ұлттық ұлан ерлер хорының көркемдік жетекшісі Бауыржан Алтынбеков.

Linkin Park әні қазақы нақышта: Ұлттық ұлан хоры ресейлік шоуды шулатты
Фото: Видеодан скрин

Хормейстер Әділ Шагировтың айтуынша, бағдарламаның сәтті шығуына кәсіби орындау мен ұлттық аспаптың үні септігін тигізген.

— Біздің бұл шығарманы таңдағанымызға ғана емес, оны қазақи домбырамен өңдеп, фольклорлық элементтер қосқанымызға сарапшылар қатты таңғалды. Рок стилін хормен орындау — техникалық жағынан өте күрделі процесс. Алайда кәсіби орындауымыздың және ерекше форматтың арқасында халықтың көзайымына айналдық, — деп атап өтті хормейстер.

Бәсекелестік өте жоғары болғандықтан, ұжым финалға өтпегенімен, Мәскеу төрінде қазақ рухын паш етіп, халықтың ыстық ықыласына бөленді. Ендігі кезекте ұжымды үлкен мерейтой күтіп тұр.

— Биыл біздің хор ұжымына 10 жыл толады. Осы мерейтойға байланысты Қазақстанда бұрын-соңды болмаған ауқымды есептік концерт бергелі жатырмыз. Алдымен Астанада өтеді, кейін бүкіл ел бойынша гастрольдік сапарға шығамыз. Қазірдің өзінде ТМД елдерінен шақыртулар түсіп жатыр, — дейді Бауыржан Алтынбеков.

Айта кетейік, бұған дейін Ұлттық ұлан әскери қызметкері халықаралық дрон-жарысында жүлдеге ие болған еді.

Соңғы жаңалықтар
Референдум