Литва Беларусьтен ұшып келген шарларға байланысты төтенше жағдай жариялады

АСТАНА. KAZINFORM — Литва үкіметі көрші Беларусьтен ауа райын бақылауға арналған шарлар түрінде контрабандалық темекілерді алып өтуге қатысы бар бірнеше заңсыз шекара бұзу жағдайына жауап ретінде «ел аумағында төтенше жағдай» жариялады. Бұл туралы ВВС жазды.

Литва, Беларусь, шекара
Фото: Литва мемлекеттік шекара қызметі

Литва Премьер-министрі Инга Ругиниене бұл шарлардың әуе кеңістігіне енуін Беларусь тарапынан жасалған «гибридтік шабуыл» деп айыптап, оның ұлттық қауіпсіздікке және азаматтық авиацияға нақты қауіп төндіріп отырғанын айтты.

Ресми тұлғалардың айтуынша, тек биылдың өзінде контрабандамен байланысты шамамен 600 шар және 200-ге жуық дрон Литва әуе кеңістігіне кірген, бұл Вильнюс әуежайының бірнеше рет жабылуына әкелген.

Ал Беларусь басшысы Александр Лукашенко бұл заңсыз өтулерге өз елінің қатысы жоғын мәлімдеп, мәселені ЕО мен НАТО-ға мүше Литваның «саясиландырып отыр» деп айыптады.

Литваның бұл жолғы «төтенше жағдай режимін» енгізу шешімі 2022 жылы Ресей Украинаға толыққанды басып кіргеннен кейін енгізілген төтенше жағдайдан бір саты төмен. Бұл режим қарулы күштерге жылдамырақ және тиімді әрекет ету үшін қосымша өкілеттіктер береді.

Литва президенті Гитанас Науседа шарлар арқылы төнген қауіп «Литвадағы жағдайды дестабилизациялауға бағытталып әдейі жасалған әрекет екеніне» дәлел көп екенін айтты.

Еуропаның бірнеше елі бұған дейін Ресей тарапынан келіп жатқан түрлі қауіптерге тап болған-ды. ЕО бұны «гибридтік науқан» деп атап, оған диверсия, маңызды инфрақұрылымға зиян келтіру және маңызды нысандар маңында дрондардың ұшуы кіретінін мәлімдеді.

Литва бұған дейін де Беларусьті осындай арандатушылық әрекеттер бойынша айыптаған. Төрт жыл бұрын Таяу Шығыстан шыққан мыңдаған заңсыз мигрант Беларусь арқылы Литваға өткен еді.

Айта кетейік, Таиланд-Камбоджа шекарасында қақтығыс қайта басталды.

Сондай-ақ Ауғанстанның Кандагар провинциясындағы Пәкістанмен шекаралас Спин Болдак қаласына жақын жерде төрт сағатқа созылған ұрыс болды.

Соңғы жаңалықтар